10.09.2025 21:23
«Камп-Ноудың» жөндеу жұмысы қашан аяқталады?
10.09.2025 21:23
УЕФА регламенті бойынша Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде стадион ауыстыруға болмайды. Бірақ «Барселона» клубы «Камп-Ноу» дайын болмаған соң, Йохан Кройф стадионын еуромаусымға дайындап жатыр. Ең қызығы, стадионға 6 мың жанкүйер сыяды. Жақында «ПСЖ-мен» кездесу өткізетінін ескерсек, ажиотаж болары анық
Лапорта барсафандарды алдап жүр ме?
Иә, УЕФА «Барселонаға» оң қабақпен қарап, ережесін ысырып қойды. Клуб президенті Лапорта болса, неше жылдан бері уәдесін үйіп-төгіп жатыр. Естеріңізде болса, «Камп-Ноу» стадионына 2022 жылы қараша айынан бастап реконструкция басталды. 2023 жылы 23 маусымда газонды түгелдей қопарды.
Жобаға сәйкес стадион сыйымдылығын 105 мың орынға дейін көбейту керек-ті. Заманауи технологияға сай жабық төбе, цифрлы экран, коммерциялық аймақ жасалады делінген. Жалпы құны 1,45 млрд еуроға бағаланды. Бұл соманы клуб банк несиесі, демеуші мен коммерциялық келісім арқылы табуға тырысты. Лапорта «Барселонаны» Еуропадағы ең табысты әрі заманауи клубтың қатарына қайта қосатынын мәлімдеді. Жаңа стадионның клубқа тұрақты табыс әкелері хақ. Алайда онсыз да қаржы шырмауына түсіп қалған команда үшін үлкен көлемдегі несие тәуекелмен пара-пар болды. Көргеніңіздей, «Барселона» Бартомеудің былығына батып, Лапортаға қол созғанымен, жаңа басшы жанкүйерді құры сөздің құрығына байлап алған сыңайлы.

Стадион қашан дайын болады?
Жоан Лапорта бірнеше мәрте стадионның ашылатын мерзімін айтып, уәде берген-ді. Мысалы, 2024 жылдың қарашасында, содан кейін 2025 жылдың наурызында, бертінде 10 тамыз Жоан Гампер кубогында тұсауын кесеміз деп соқты сабазың. Кей дереккөз аталған стадионның 2026 жылдың жазына жоспарланғанын жазған.
Бастапқыда сенімді сөйлеген Лапорта әкімішілік рұқсат, құжат мәселесі мен құрылыс жұмысындағы кедергіге тап болған. Енді мұны шешіп, ары қарай нақты мерзімді атай ала ма? Байқағаныңыздай, жазғы тансферлік терезеде каталондық клуб айтарлықтай ойыншы сатып алған жоқ. Клубқа ең қажеті тәуір қорғаушы еді. Бірақ Лапорта оны орнына «Эспаньолдан» қақпашы Жоан Гарсияны алып, «Манчестер Юнайтедтен» Рэшфордты сүйретіп келді.