28.06.2026 01:30
Колумбия – Португалия
28.06.2026 01:30
Бүгін, 28 маусым күні Әлем чемпионаты топтық кезеңінің үшінші турында Колумбия мен Португалия кездеседі

Матч жайлы
Топта бірінші орынға талас. Колумбияға тең есеп жеткілікті. Ал Португалияға жеңіс қажет.
Екі құрама да осы ӘЧ-дегі үздік ойынын Өзбекстанға қарсы көрсетті. Колумбия 3:1, Португалия 5:0 есебімен жеңді. Ал Конго ДР-ға қарсы екеуі де қиындыққа тап болды. Португалия ұпай жоғалтса, Колумбия жеңгенімен, xG көрсеткіші бар болғаны 0,95 болды.
Құрамалар бұған дейін бір-бірімен мүлдем жолықпаған.
Opta суперкомпьютерінің болжамы: Португалия - 48,9 процент, Колумбия - 26 процент.
Экс-әріптестер Роналду мен Хамес алаңда қайта жүздесіп жатыр. Екеуі “Реал” сапында бірге 86 матч өткізген. Хаместің пасынан соң Роналду 11 гол, Ронның пасынан соң Хамес 7 гол соққан. 2017 жылдан бері жолдары алшақтап кетті.
Колумбия құрамасы

Қапталдағы қорғаушылары Мохика мен Дэниэл Муньосты шабуылға жиі араластырады. Соның арқасында Муньос екі голмен өз командасының осы ӘЧ-дегі үздік сұрмергені.
2026 жылы АҚШ-та Колумбия ФИФА рейтингінде топ-15 қатарындағы екі еуропалық командамен жолықты. Хорватиядан 1:2, Франциядан 1:3 есебімен жеңілді.
Колумбиялықтардың Португалия футболымен жақын байланысы бар. Хамес Родригес пен Луис Диас “Портуда” ойнаған. Луис Суарес қазір “Спортингте” ойнайды, өткен маусымда үздік сұрмерген атанды. Колумбиялық футбол жұлдыздары Радамель Фалькао, Матеус Урибе, Джексон Мартинес, Фелипе Пардо, Оскар Эступинан да Португалия лигасында доп тепкен.
Колумбия құрамасы өз тарихында топтағы үш матчта да жеңген бір ғана жыл бар. 2014 жылы.
Бас бапкер - Нестор Лоренсо: "Португалия құрамасында Роналду мен Витинья шешуші рөл атқарады. Бірі ойынды бақылауды ұстайды, екіншісі шабуылды аяқтайды. Витиньяға допты көп жеткізбеуге тырысамыз”.
Колумбия футболшылары

Луис Диас - Колумбия құрамасында 23 гол соқты. Колумбия сапында ӘЧ-дегі бір матчта гол+пас жасаған екінші ойыншы (біріншісі Хамес). Өзбекстанға қарсы гол салып, ассист жасады.
Хамес Родригес - ӘЧ-2014 жұлдызы.
Даниэл Муньос - Колумбия құрамасының қаһарманы. Екі гол соқты. 30 жастағы қорғаушы. 28 жасында АПЛ-да дебютін өткізген - “Кристал Пэлас” оны 8,5 млн еуроға сатып алған.
Джефферсон Лерма - 31 жаста, 2018 жылдан бері АПЛ-да (Борнмутта 2018-2023, 2023-тен бері Кристал Пэласта). ӘЧ-де гол соғып көрмеген.
Давинсон Санчес - 30 жаста, Тоттенхэмде 6 жыл ойнады, қазір Галатасарайда жүр.
Луис Суарес - 28 жаста, Спортингте ойнайды, Португалия лигасында осы маусымда 28 гол салып үздік сұрмерген атанды. Испания құрамасын таңдауына да болар еді, бірақ ол Колумбия жейдесін киді. Былтыр ӘЧ іріктеуінде Венесуэлаға қарсы матчта покер жасады. Биыл 1 маусымда Коста-Рикаға қарсы жолдастық матчта бір гол салды. Жалпы, құрамада 14 матчта 5 гол соқты.
Кучо Эрнандес - 2025 жылы жазда “Бетиске” ауысқан. Алғашқы маусымында барлық турнирде 15 гол соқты (11-і Ла Лигада). Бұл Бетистегі үздік көрсеткіш. Кучо деген лақап атты бала кезінде алған. Әкесі шашын алып тастаған кезде Эстебан Камбьяссоға (лақап аты Кучу) ұқсап қалған.
Джон Лукуми 2022 жылдан бері Болоньяда ойнайды. Америка кубогында үш рет ойнаған, бірақ әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатыр.
Португалия құрамасы

Португалияның басты қаруы – жылдамдық пен допты бақылау арасындағы ойын. Конго ДР сияқты жабылып қалатын командаларға қарсы бұл қаруы көп көмектеспейді. Ал Колумбия, керісінше, ашық футбол ұсынатын команда, бұл Португалияға өз пайдасын тигізуі мүмкін.
Португалия құрамасының станданттары неге қауіпті? Себебі оны Остин Макфи дайындады. Макфи “Астон Виллада” стандартқа жауапты, өткен маусымда клуб стандарт жағдайларынан 18 гол соққан.
Бас бапкер - Роберто Мартинес. Бельгия құрамасын 2016-2022 жылдар арасында жаттықтырды. 2018 жылы ӘЧ-де қола жүлде алды.
“Колумбияға дайындықты наурызда бастағанбыз. Майамиде 13 жаттығу жасап үлгердік, алаң мен стадионның ерекшелігін ескеріп, Колумбияға жақсылап дайындалғымыз келді”
Португалия футболшылары

Криштиану Роналду - алты әлем чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы. ӘЧ тарихында 10 гол салды. Ол португалиялықтар арасында үздік сұрмерген, 9 голы бар Эусебионы озды.
Барлық голы:
2006 - 1 гол (Иранға)
2010 - 1 гол (Солтүстік Кореяға)
2014 - 1 гол (Ганаға)
2018 - 4 (үшеуі Испанияға, біреуі Мароккоға)
2022 - 1 (Ганаға)
2026 - 2 (Өзбекстанға)
Дәл қазір Криштиану Роналдудың карьерасында 975 гол бар. Мың голға дейін 25 доп қалып тұр.
Бруну Фернандеш - АПЛ бір маусымында ассист саны бойынша рекорд иегері. 21 ассист. Әлем чемпионаттарында 8 матчта 2+4. Қатарда Уругвайға дубль жасады. Биыл Өзбекстанға қарсы ойында бір ассист. Ұлттық құрамада 91 матч 29+27.
Бернарду Силва - Конго ДР-ға қарсы нашар ойнап, үзілісте бас бапкер ауыстырып тастады. Өзбекстанға қарсы 14 минут қана ойнады. Ол ешқашан ӘЧ-де нәтижелі әрекетпен көзге түспеген. Осы жазда “Реал” ойыншысы атанды.
Витинья - ұлттық құрамада 40 ойында гол соғып көрмеген. Төрт нәтижелі пасы бар. ПСЖ мен Португалияда рөлі екі түрлі, құрамада тереңнен шабуыл бастаушы саналады.
Жоау Феликс - құрамада 55 матч 12+5. 2022 жылы ӘЧ-де Ганаға гол салды, ⅛ финалда Швейцарияға қарсы ойында екі ассист жасады. 26 жасында Сауд Арабиясында ойнап жүр.
Диогу Кошта - 26 жастағы қақпашы Швейцарияда туған. 7 жасында Португалияға көшіп барды. Жыл сайын топ-клубқа ауысады деген ақпарат шығады, бірақ әлі “Портуда” жүр.
Бас төреші: Әлиреза Фагани (Аустралия)

Бұған дейін Франция - Сенегал матчында жұмыс істеді.
2019 жылы Ираннан Аустралияға көшіп барған, қазір сол жақта А-Лигада жұмыс істейді. 2023 жылдан бері ФИФА жарыстарына Аустралия төрешісі ретінде келіп жүр. Көшуіне Иран билігіне қарсы позициясы себеп болған.
Былтыр АҚШ-та өткен КӘЧ-тің финалында бас қазы болып жұмыс істеді.
2022 жылғы ӘЧ-де топтық кезеңдегі Португалия - Уругвай (2:0) матчында бас төреші болды.
Стадион: Хард Рок, Майами

2024 жылы дәл осы стадионда Колумбия Америка кубогының финалында Аргентинадан жеңіліп қалған. Бұл жолы бұл стадионда Лионель Мессимен емес, Криштиану Роналдумен жолығып жатыр.
Португалия алғашқы екі ойынын “Хьюстонда” жабық әрі желдеткіші бар стадионда өткізген. Енді бірінші рет ашық аспан астында ойнап жатыр.
65300 жанкүйер сыяды. Билеттің бәрі сатылып кеткен. Майамиде латынамерикалықтар көп, сондықтан Колумбияға қолдау да жоғары деңгейде болады.
Бұл стадионда әлі үш матч өтеді: 1/16 финал, ширек финал матчтары және үшінші орынға талас ойыны.
Майами қаласында матч басталар сәтте ауа райы 30-32 градус, жаңбыр не найзағай қаупі жоқ.
Бұл стадионда америкалық футболдан “Майами Долфинс” пен “Майами Харрикейнс” университет командасы ойнайды.
K тобындағы жағдай

Бірінші орын алған команда 1/16 финалда үшінші орын алған ұжымдардың бірімен жолығады. 1/8 финалда В тобының көшбасшысы Швейцария мен 3-орын алған ұжымның жеңімпазымен кездеседі.
Екінші орын алған команда 1/16 финалда L тобында екінші орын алған құрамамен күш сынасады. Ол Англия, Гана және Хорватияның бірі болады. Ал 1/8 финалда Н тобының жеңімпазы Испаниямен кездесуі мүмкін.
Португалия жеңіліп, Конго ДР Өзбекстанды 5:0 есебімен жеңсе, Роналду бастаған құрама үшінші орынға түсіп қалады.
“Ақтөбе” футболшысы Нани: Криштиану Роналду алаңға шықса, не гол болады не рекорд болады. Ол зейнетке кетемін дегенше ойынынан ләззат алуымыз керек.
Жозе Моуриньо таяуда сұхбатында “Шынымды айтсам, Реалдың футболшылары ӘЧ-ден тезірек ұшып кетсе екен деп тілеймін” деп әзілдеген. Бірақ бүгін отандасы Бернарду Силваның жеңілгенін тілемейтін шығар.