26.10.2025 23:19
Көптен күткен жеңіс
26.10.2025 23:19
Испания чемпионатының 10-турында «Реал» өз алаңында «Барселона» командасын қабылдады. Мадридте өткен кездесуде алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті

Матчта бірінші болып «Реал» ойыншылары қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Дегенмен Килиан Мбаппе ойыннан тыс қалып, таблодағы есеп өзгерессіз қалды. Дегенінен қайтпайтын француз шабуылшысы 22-минутта есеп ашты. 38-минутта сенімді шабуыл ұйымдастыра білген қонақтар таразы басын теңістірді. Гол авторы - Фермин Лопес. Алғашқы таймның аяқталар тұсында Джуд Беллингем ашық қақпаға гол соғып, есепті 2:1 жеткізді.

Екінші тайм қос команданың ширақ шабуылдарымен басталды. 52-минутта «Реал» пайдасына пенальти белгіленгенімен, Мбаппе Щенсныйдан айласын асыра алмады. Кескілескен шабуылдар мен сұрапыл соққылар өз нәтижесін бермеді. Ойынның соңғы минуттарында эмоцияға ерік берген «Барселона» ойыншысы Педри екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Осы сәтте қосалқы құрамдағы ойыншылардың арасында кикілжің туып, арты дау-дамайға ұласты.

Осылайша, маусымдағы алғашқы «эль-класикода» мадридтік команданың жеңісін көрдік (2:1). 4 кездесу бойы жеңістің кілтін таба алмаған «Реал» командасы бүгін сол олқылықтың орнын толтырды. Хаби Алонсо өзінің алғашқы «эль-класикосында» жеңіске жетті. 10-турдан кейін турнирлік кестеде «Реал» 27 ұпаймен көш бастап келеді. Ал «Барселона» командасының қоржынында 22 ұпай.