16.12.2025 17:51

Доннарумма жылдың үздік қақпашысы атанды

16.12.2025 17:51

«Манчестер Сити» қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма FIFA The Best нұсқасы бойынша 2025 жылдың үздік қақпашысы атанды

26 жастағы голкипер дауыс беру нәтижесінде Алиссон Беккер («Ливерпуль»), Тибо Куртуа («Реал»), Эмилиано Мартинес («Астон Вилла»), Мануэль Нойер («Бавария»), Давид Райя («Арсенал»), Ян Зоммер («Интер») және Войцех Щенсныйды («Барселона») артқа тастады.

Осылайша ол бұл аталым бойынша 2017 жылы үздік атанған Джанлуиджи Буффоннан кейін топ жарған алғашқы Италия өкілі атанды. Ал былтыр жүлде Эмилиано Мартинеске бұйырған еді.

Сондай-ақ Доннарумма биыл Лев Яшин атындағы марапатты иеленіп, FIFPRO символикалық құрамасына да кірген еді. Ол өткен маусымда ПСЖ-мен тарихи требл жасады.

Айта кетейік, үздікті анықтау барысында 2024 жылдың 11 тамызы мен 2025 жылдың 2 тамызына дейінгі ойындары есепке алынды.

Азамат Бақи

Азамат Бақи

InstagramInstagram