04.11.2025 14:16

«Интер» - «Қайрат»

04.11.2025 14:16

УЕФА Чемпиондар лигасының 4-турында «Қайрат» түзде «Интермен» кездеседі

«Интер»

А сериясында «Интер» 21 ұпаймен екінші орында келеді. Алда – бір ұпайы ғана артық «Наполи». Дегенмен миландық клуб «Наполиді» жалғыз өкшелеуші емес, «Миланның» да, «Романың» да 21 ұпайы бар. Соңғы турда «нерадзурри» («Интердің» нақабасы, «көк-қара түстілер» дегенді білдіреді) сырт алаңда «Веронаны» зорға жеңді: жеңіс голын «интерліктер» емес, алаң иелерінің орталық қорғаушысы Мартин Фрезе 90+4 минутта өз қақпасына соғып алды.

«Интер» биылғы 10 ойынның үшеуінде жеңілді. Бұл өте нашар көрсеткіш. Өткен жылы 38 матчта 5 рет қана тізе бүгіп, күміс жүлдегер атанған-ды.

Чемпиондар лигасында «Интердің» жағдайы өте жақсы. Бұған дейінгі 3 қарсыласын да тізе бүктіргені өз алдына, Кристиан Киву шәкірттері өз қақпасына әлі доп жіберген жоқ. 1 турда сырт алаңда «Аяксты» (Амстердам) – 2:0, 2 турда өз алаңында «Славияны» (Прага) – 3:0, 3 турда сырт алаңда «Юнионды» (Брюссель) 4:0 есебімен айқын жеңді. Қазір Лаутаро Мартинесте – 3, Маркус Тюрам мен Дензел Думфрис еншісінде 2 доптан бар, олармен қатар Хакан Чалханоғлы, Франческо Эспозито бір-бір рет нәтижелі соққы жасады.

Яғни нәтижеге сүйене отырып, «Қайратқа» қарсы матчта бас бапкер Киву біраз өзгеріс жасауы ықтимал. Өздерін күнібұрын жеңімпаз сезінетіндей де бар, өйткені сарапшылардың бәрі алдағы ойында «Интердің» асығы алшысынан түсетініне күмәндайнбайды. Тіпті ресейлік Sports.ru порталы «екі команда арасында ірі есеп тіркеліп, Мартинес дубль жасауы ықтимал» деген болжамын да жариялап қойды.

Құрамында қандай мәселелер бар?

25 қыркүйекте «Наполиге» қарсы матчта жарақат алған армениялық жартылай қорғаушы Генрих Мхитарян бірнеше ай емделеді. Қорғаушы Маттео Дармианның да жарақаты бар, бірақ оған бас бапкер көп сенім арта бермейді. Биылғы Чемпиондар лигасын «Аякстың» қақпасына дубльмен бастап берген шабуылшы М.Тюрам енді ғана негізгі топпен жаттыға бастады. Алматылықтарға қарсы бапкер оны бірінші минуттан алаңға шығармауы ықтимал. Давиде Фраттези жарақаттан айығып, соңғы кездесулерге аз-аздап шығып жүр, енді тіпті негізгі құрамнан орын тапса да таңғалмаймыз.

Жақында ғана «Интердің» екінші қақпашысы Хосеп Мартинес ауыр жағдайға тап болды. 28 қазан күні ол Комо провинциясында өз көлігімен 81 жастағы мүгедек адамды қағып кетті. Зардап шегуші оқиға орнында қаза тапты. Кейін анықталғандай, арбаға мінген адамның жүрегі қысып кеткен сияқты. Ол көлік жылдамдығын 70 шақ/сағ асыруға шек қойылған тұста кенет жолға шығып кеткен. Мартинес тежеуіш басып үлгермей қалған. Ол қарт адамға жереу көмектесіп, жедел жәрдемді өзі шақырған. Қазір іс қаралып жатыр. Мартинестің ешқандай ішімдік ішпегені, есірткі пайдаланбағаны дәлелденді.

Бұл оқиға да «нерадзурриге» оңай әсер етіп отырған жоқ. Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсеткенмен, А сериясында «Интердің» қорғанысы мығым емес: 10 кездесуде 12 гол жіберіп алды.

Пікір. «Интердің» бас директоры Джузеппе Маротта:

– «Қағаз жүзінде «Қайрат» оңай жеңетін қарсылас болып көрінеді. Шын мәнінде Чемпиондар лигасындағы барлық матч күрделі. Олар үшін бізбен кездесу – бүкіл ғұмырға татитын ойын, сондықтан біз осындай типтегі матчтарды да жақсы түсінуіміз керек. Біз мейлінше көп ұпай жинауға тиіспіз, сондықтан турнир кестесіндегі жағдайымызды жақсарта түсу үшін, көбірек ақша табу үшін жеңуіміз керек. Өйткені келесі бірнеше тур өте ауыр болады».

Статистикалық деректер

  • Бұған дейін қазақстандық және италиялық клубтар еурокубоктарда кездесіп көрген емес;

  • «Интер» өз алаңында Чемпиондар лигасы аясында өткізген қатарынан 17 матчта жеңілмей келеді (соңғы рет 2022 жылдың қыркүйегінде «Баварияға 0:2 есебімен есе жіберді);

  • Чемпиондар лигасының негізгі/топтық кезеңдерінде «нерадзурри» соңғы 12 ойынның 11-інде өз қақпасына доп жіберген емес;

  • Лаутаро Мартинес Чемпиондар лигасының соңғы 10 кездесуінде 11 гол соқты;

  • «Интер» Чемпиондар лигасында өткізген соңғы 11 кездесудің 10-ында қарсыластар қақпасына екі және одан да көп доп енгізді;

  • «Интер» мен «Қайрат» сапында бұған дейін басқа клубтар құрамында бір-бірімен кездескен ойыншылар жоқ;

  • «Интер» құрамының трансферлік құны – 650 миллион еуро. Ең қымбат ойыншысы – Л.Мартинес (85 млн еуро);

  • «Интер» Чемпиондар лигасының топтық/жалпы кезеңінде 19-рет, қатарынан 8-рет өнер көрсетіп жатыр.

Өткен маусымда «Интер» Чемпиондар лигасының финалына шығып, ПСЖ-дан 0:5 есебімен жеңілді. Содан кейін бас бапкер ауысып, Симоне Индзагидің орнына румыниялық Кристиан Киву келді.

«Интер» – Италияның 20 дүркін чемпионы (соңғы рет 2024 жылы иеленді), 9 дүркін Италия кубогының иегері, 8 дүркін Италия суперкубогының жеңімпазы. Чемпиондар лигасын 1964, 1965 және 2010 жылдары жеңіп алды.

«Қайрат»

Қазақстан премьер-лигасында «Қайрат» биыл чемпион атағын қорғап қалды. Соңғы турда алматылықтар өз алаңында «Астанамен» тең ойнап, 2 ұпай айырмашылығын сақтады. «Қайрат» осылайша 5 дүркін ел чемпионы атанды және бірінші рет қатарынан 2 рет ел үздігі болып танылды. Демек, келер маусымда да «сары-қаралар» Чемпиондар лигасының іріктеуінде сынға түспек.

Чемпиондар лигасында «Қайраттың» жағдайы мәз емес. Алғашқы екі турда қарсыластарынан ойсырай жеңілген соң («Спортинг» - 1:4, «Реал» - 0:5), алматылықтар өз алаңында «Пафосты» (Кипр) қабылдап, 0:0 есебімен тең ойнады. Чемпиондар лигасындағы алғашқы ұпайға қатты қуануға болар еді, дегенмен қарсыластар сапында шабуылшы Жоао Корреа 4 минутта алаңнан қуылғанмен, алматылықтар ойыншы санының басымдығын пайдалана алмады.

Миланға «қайраттықтар» 3 қараша күні ұшып барды. Құрамда еш өзгеріс жоқ, барлық футболшы сақадай сай. Ел чемпионы атағын тағы жеңіп алған соң, енді «Қайрат» басқа ештеңеге алаңдамай, тек Чемпиондар лигасына басты назар аудара алады. Тіпті Қазақстан құрамасына шақырылған 4 футболшы да (Еркін Тапалов, Дамир Қасаболат, Дастан Сәтбаев, Темірлан Анарбеков) 15 қарашадағы Қазақстан – Бельгия кездесуінен кейін Алматыға оралады, яғни Фарер құрамасымен жолдастық кездесуге қатыспайды. Бәрі де – ЧЛ қамы үшін.

Құрамында қандай мәселелер бар?

Жарақаттаған, айыпталған футболшылар жоқ. «Қайрат» клубының қожайыны Қайрат Боранбаев әріптестерімізге берген сұқбатында команда жарақат алған екі бразилиялық футболшымен (Жоао Паулу және Елдер Сантана) қош айтысқанын мәлім етті. Алдағы уақытта тағы екі легионер кетуі ықтимал. Біздің ойымызша, ресейлік Егор Сорокин солардың бірі болуға тиіс. 2028 жылға қарай қазақстандық клубтар құрамында бар-жоғы 8 легионер ғана қалады. «Қайрат» соған дайындықты қазірден бастап кетті деуге болады. Сорокин кетпеген күннің өзінде, қаңтар-ақпанда өтетін 2 кездесуге мықты орталық қорғаушылар керек-ақ. Биылғы маусымды алматылықтар ардагер Александр Мартынович және Сорокин жұбымен өткерді. Чемпиондар лигасында олардың қатты қысым жағдайында сансырап қалатынын бәріміз де байқап отырмыз.

– «Қайрат» басты міндетін орындады – Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті, енді Чемпиондар лигасында өз рақатына сай ойнай алады. «Спортинг» пен «Реалдан» ойсырай жеңілгенін және өз алаңында «Пафосты» жеңе алмағанын ескерсек, нәтиже мәселелесінде көңіл тоғайтар нәрсе аз. Бірақ алматылықтар үлкен тәжірибе жинап жатыр. Миланда «Қайрат» футболшыларын оңай ойын күтіп тұр деп ешкім айта алмайды. Біздің ойымызша: қарсыласының батылдығына қарамастан, «Интер» шеберлік мәселесіндегі айырмашылықты бәрібір паш етеді» (soccer365.ru).

Статистикалық деректер

  • «Қайрат» өз тарихында бірінші рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсетіп жатыр;

  • ЧЛ-дың іріктеу/негізгі кезеңдеріндегі соңғы 6 кездесуінің біреуінде ғана «Қайрат» гол соқты;

  • Transfermarkt дерегі бойынша, «Қайрат» футболшыларының жалпы трансферлік құны 12 млн еуро. «Қайрат» бұл тұрғыда «Интерден» 50 есе арзан;

  • «Қайрат» еурокубоктардың негізгі кезеңінде әлі жеңіске жетіп көрген жоқ. 2021 жылы Конференция лигасында алматылықтар 2 ойынды тең аяқтап, 4 кездесуде жеңілді;

  • «Интер» – «Қайрат» еурокубоктарда кездесетін екінші суперклуб. Бұған дейін «Реалмен» кездесті. Бұл командалар әлемдік рейтингте клубтық командалардың алғашқы ондығына кіреді;

  • Биылғы Чемпиондар лигасында «Қайрат» ең аз доп соққан және ең көп гол жіберген командалар қатарында. «Пафос», «Олимпиакос», Аякс» командалары сияқты «Қайрат» та қарсыластар қақпасын бір рет қана таңбалады, ал «Байер» (10), «Айнтрахт» және «Аякс» (11) командалары «Қайраттан» (9) да көп доп өткізіп алды.

Жаңа аяқталған маусымда «Қайрат» ҚПЛ-да бірнеше жақсы жетістікке жетті. Рафаэль Оразбахтин «Қайрат» чемпиондық атаққа қатарынан 2 рет бастап барған алғашқы бапкер атанса, алматылық клуб жеңімпаздар қатарына 16-рет еніп, көш бастады.

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

InstagramInstagram