01.12.2025 11:54
Кирилл Кекер дүниеден өтті
01.12.2025 11:54
«Қайрат» академиясының жетекшісі Кирилл Кекер 46 жасында өмірден озды

Бұл туралы «Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі хабарлады.
– «Бүгін 46 жасында «Қайрат» ФК Академиясының жетекшісі Кирилл Сергеевич Кекер күтпеген жағдайда өмірден өтті.
Бұл - бүкіл клуб үшін орны толмас ауыр қайғы. Он жылдан астам уақыт «Қайрат» жүйесінің ажырамас бөлігі болып, қазақ футболының даму бағытын айқындауға атсалысқан адамның қазасы бәрімізді терең күйзелтті.
Кирилл Сергеевич өз ісіне адал, талапшыл әрі әділ маман еді. Жас ойыншылардың мүмкіндігін ашып, ең маңызды сәттерде қолдау көрсетуді білетін нағыз тәлімгер болатын. Оның Академияның, негізгі команданың, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының дамуына қосқан үлесі зор.
Әр жылдары клуб құрылымында маңызды лауазым атқарды. 2022-2024 жылдары сары-қаралардың негізгі командасын басқарды. 2025 жылы Академияға жетекшілік етіп, сонымен бірге Қазақстан U-19 құрамасымен жұмыс істеп, жаңа буын футболшыларын қалыптастыруды жалғастырды.
«Қайрат» ФК Кирилл Сергеевич Кекердің туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады»,– делінген хабарламада.
Кирилл Кекер «Қайратта» 2016 жылдан бері қызмет атқарды. 2022-2024 жылдары негізгі команданы да тізгіндеген. Одан бөлек «Ордабасының» да бас бапкері болды. Ал биыл «Қайрат» академиясының жетекшісі атанып, сонымен қатар Қазақстан U19 құрамасын баптады.
Сондай-ақ футболшы ретіндегі мансабында қорғаушы болып, «Гвардия», «ITI Bangalore» (Үндістан), «Аккес-Голден», «Есил-Богатырь», «Оқжетпес», «Сұңқар» және «Восток» клубтарында ойнаған. Жалпы мансабында 240 матч өткізіп, 14 гол соқты.