17.10.2025 15:25
«Барселона» «Камп Ноуда» ойнауға рұқсат алды
17.10.2025 15:25
Бүгін, 17 қазанда «Барселона» қала билігінен төл стадионы «Камп Ноуда» матч өткізу туралы рұқсат алды

Дәлірек айтсақ, Каталонияның командасына 1А лицензиясы берілді. Бұған сәйкес, су жаңа арена 27 мың жанкүйерді қабылдай алады.
Ал клуб 47 мың адамға арналған 1B рұқсаты берілгенге дейін Луис Компанис атындағы стадионда тұрақтай тұрмақ. «Блауграна» билет сатылымынан түсетін табыстың едәуір бөлігінен құр алақан қалмас үшін 56 мыңға жуық адамды құшағына еркін сыйдыратын кешенде ойнауды жөн көреді.
Айта кетейік, «Камп Ноудың» құрылысы 2023 жылдың маусым айында басталған еді.