06.11.2025 17:01
Италиядағы диктор «Қайраттың» құрамын неге орысша хабарлады?
06.11.2025 17:01
«Соққы және гол!» «Қайрат» клубының баспасөз қызметінен «Интерге» қарсы матчта неліктен орыс тілінің үстемдік құрғанын сұрады

— «Сіздерді өте жақсы түсініп тұрмыз. Ол жағдайға біздің де көңіліміз түсіп кетті. Миландағы матчты ұйымдастырумен толықтай «Интер» футбол клубының қызметкерлері айналысты.
Стадиондағы диктордың құрамды орысша хабарлайын деп жатқанынан бейхабар болдық және ойыннан кейін неліктен орыс тілінде айтылғанын да сұрадық. «Интер» тарапы сол күнге қазақ дикторын таба алмағанын айтты. Алдын ала ескертсе, өз тарапымыздан қазақтілді маманды ұсынуға дайын едік», – деп жауап берді клубтың баспасөз қызметі.
Тартысты ойында «Қайрат» Чемпиондар лигасының осы маусымында «Интерге» гол соққан алғашқы клуб атанған еді.
Төрт матчтан кейін бір ұпай жинаған «сары-қаралар» турнир кестесінде 34-орында келеді. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері келесі турда «Копенгагенге» қонаққа барады.