01.11.2025 10:07
Хаби Алонсо Милитаоға сенім артады
01.11.2025 10:07
Ұзақ үзілістен соң алаңға қайта оралды

«Реал Мадрид» қорғаушысы Эдер Милитао жарақатынан айығып, алаңға қайта оралған еді. Бразилиялық футболшы “Ювентус” пен “Барселонаға” қарсы кездесулерде тамаша ойын өрнегін көрсетіп, қайтадан қорғаныста сенімді ойын өрнегін көрсете бастады.
Клубтың бапкері Хаби Алонсо Милитаоның толық бабында екенін және оған сенім арта алатынын жеткізді. 27 жастағы қорғаушы ұзақ үзілістен кейін топ клубтарға лайықты түрде қарсылық көрсете білді.

«Ювентусқа» қарсы ойында Милитао бес мәрте допқа таласта жеңіске жетіп, алты допты қайтарып, төрт мәрте қауіпті пасты тоқтатқан. Ал «Барселонамен» өткен Эль-Класикода ол 16 рет допқа таласта үстем түсіп, қорғаныста ғана емес, шабуылда да белсенді болды. «Барселонаға» қарсы матчта ол Винисиустың пасынан кейін баспен допты Беллингемге жеткізіп, жеңіс голын сәтті ұйымдастыра білді (2:1).
Алпауыт екі ұжымға қарсы сенімді ойнаған Милитао бас бапкердің сеніміне кіріп, өзінің толыққанды бабына оралғанын дәлелдей білді.